Ерте, ерте, ерте екен, Ешкі жүні бөрте екен. Қырғауылы қызыл екен. Құйрық жүні ұзын екен. Қырғауылы қырқылдап, Жалтыр мұзға сыртылдап, Алшая келіп қоныпты, Шаты айрылып қалыпты. Қисая жатып қырғауыл Сонда мұздан сұрапты: - Мұз, мұз, сен неден күшті болдың? - Мен күшті болсам, бауырымды жаңбырға тестірмес едім. - Жаңбыр, жаңбыр, сен неден күшті болдың? - Мен күшті болсам, жерге жұтқызар ма едім. - Жер, жер, сен неден күшті болдың? - Мен күшті болсам, көк шөпке бауырымды жардырмас едім. - Көк шөп, көк шөп, сен неден күшті болдың? - Мен күшті болсам, көк тоқты мойнымнан жұлқымас еді. - Көк тоқты, көк тоқты, сен неден күшті болдың? - Мен күшті болсам, көк шұнақ қасқырға құйрығымды жұлқытпас едім. - Қасқыр, қасқыр, сен неден күшті болдың? - Мен күшті болсам, көк мылтыққа құйрығымды ойдырмас едім. - Көк мылтық, көк мылтық, сен неден күшті болдың? - Мен күшті болсам, қоңыр шолақ тышқанға білтемді қидырмас едім. - Тышқан, тышқан, сен неден күшті болдың? - Мен күшті болсам, құмырсқаға інімді алдырмас едім. - Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күшті болдың? - Алты батпан ауырды арқалаған күштімін, жеті батпан ауырды желкелеген күштімін, - деген екен құмырсқа.
Источник: |